Аймақ басшысы Жезді марганец кенішінің ашылғанының 80 жылдық мерейтойына қатысты

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау ауданы Жезді кентінде алғашқы марганец кенінің алынғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерейтойлық іс-шараға қатысты. Кент белсенділері, демеушілердің күшімен ұйымдастырылған іс-шара екі күнге созылды.
Алғашқы күні аталмыш оқиғаны суреттейтін ескерткіш белгі ашылып, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Екінші күні мерейтой көрігін бәйге, аударыспақ, қошқар көтеру, мешкейлер сайысы сынды ұлттық ойындар қыздырды.
Аталған сайыстарға тек аймағымыздан ғана емес, Алматы, Қарағанды облыстарынан да шабандоздар қатысты. Мерейтойлық шаралар «Қазақмыс» корпорациясының сыйы – отшашумен қорытындыланды.