«Қария – ағып жатқан дәрия»

Елімізде жыл сайын 1 қазанда Қарттар күні ерекше аталып өтеді. «Қарты бар ел – қазыналы ел» демекші, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне кезінде зор үлес қосып, өскелең ұрпақ тәрбиесімен айналысып, бейнеттерінің зейнетін көріп отырған ардагерлердің біздің қоғамда алар орны ерекше. Осы атаулы күні кеншілер қаласының еңбек ардагерлері де елеусіз қалған жоқ.

Алғашқы шара Сәтбаев қалалық әкімдігінің ғимаратында өтті. Оған медицина, білім салаларының еңбек ардагерлері шақырылды. Қала басшылығы атынан Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Абылайұлы Ыдырысов кездесуде ардагерлердің қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері ұшан-теңіз екенін атап өтіп, айтулы мерекелерімен құттықтап, біршама білім мен денсаулық сақтау салаларының ардагерлеріне Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті. Ардагерлерді Сәтбаев қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Омаров ақсақал шын жүректен құттықтады.

Сонымен бірге, Қарттар күні Асқар Абылайұлы қала әкімі жанындағы ақсақалдар алқасының мүшелерімен Достық үйінде дастархан басында емін-еркін сұхбаттасты. Қала басшысы ақсақалдарды қаламызда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы хабардар етті. Атап айтсақ, Сәтбаевта жүргізіліп жатқан инвестициялық жобалардың бірі – Есқұла су құбырын қайта жаңарту жобасы. Бұл жоба бойынша осы жылдың соңына дейін Сәтбаев қаласы – толық, Жезқазған қаласы жартылай ауызсумен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда құбыр тарту, электр жабдықтарын, жаңа насостарды орнату, екі су резервуарларын толтыру жұмыстары аяқталды. Қаланың кәріз желісінің (канализация) қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін ұзындығы 33 шақырымды құрайтын кәріз коллекторының құрылысы басталды. Жұмыс келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге, қаланың батыс, шығыс аудандары мен жеке құрылыс жүргізілетін жаңа «Байқоныс» ықшам ауданында жауын-шашын суын бұру жобасы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда дренаж жүйесі 347 үйге, кәріз жүйесі 107 үйге тартылып, 2 насос станциясы орнатылды. Сондай-ақ, жылу энергиясының тапшылығын жою мақсатында Оңтүстік-Батыс қазандық пен №1 жылу қазандығының желілерін тау-кен жұмыстары жүргізілетін қауіпті аймақтардан көшіру жобасы жүзеге асты. Қалада тұрғын-үй құрылысы қарқыны төмендеген жоқ. Халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 4 қабатты 16 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталып жатыр. «Самға» құрылыс компаниясы өз қаражатына №4 мектеп маңында үш 5 қабатты тұрғын үй салып жатыр. Ол үйлер көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік деңгейі төмен топтарға «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы сатып алынады. Қаланың төменгі бөлігінде жеке кәсіпкер Сәбит Бурабаев 18 пәтерлі көпқабатты үй салып жатыр.

Қаланы абаттандыру бойынша қараша айында Жеңіс саябағын қайта жаңғырту аяқталады. Сонымен бірге, Ұлытау көшесінің бойында демалатын тағы бір орын пайда болмақ. Ол – «Ұлы Дала Керуен Жолы» алаңының мазмұндық жалғасы ретінде бой көтеріп жатқан тарихи саябақ

Абаттандыру жұмысының жалғасы болып табылатын қаланың негізгі (Ерден, Тәуелсіздік) көшелері жөнделуде. Бұл көшелердің бойына жаңа жаяу жүргінші жолы салынып, балалардың ойын және спорт алаңдары қойылады, автоматты суару жүйесі салынуда, ағаштар отырғызылады. Сонымен бірге, Ерден көшесі мен Тәуелсіздік даңғылы қиылысындағы сквер жөнделіп жатыр. Ол жерге аймағымыздың даңқты тұлғасы Төлек батырдың ескерткіші орнатылады. Қала көркін әрлендіре түсетін 43 үйдің сыртын жаңарту жоспарланса, биыл барлығы 20 көпқабатты үйдің сырты жөнделді.

Қала көшелерін толық жарықтандыру үшін Дүниежүзілік банк есебінен біздің қала грант ұтып алды. Ол қаладағы 1500 ескі көше шамдарын ауыстыруға мүмкіндік беріп отыр.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында қалада жаңарту жұмыстары қолға алынды. «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен Спорттық-сауықтыру кешенінің футбол алаңының күмбезі қалпына келтірілді. Қазір ішкі жұмыстар жүргізілуде. Облыстық бюджет есебінен бассейнді қалыпқа келтіру басталды. Оның күмбезі енді металлоконструкциядан болады, жұмыстар желтоқсанда аяқталады. Жаңартылған «Юность» стадионында жеңіл атлетика орталығы құрылып, бірнеше спорт түрімен айналысу мүмкіндігі туады. Қарағанды облысы әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасындағы меморандумға сай Сәтбаев қаласындағы шығыс аудандағы Сәтбаев даңғылы 31 үй маңында жаңа емхана салынады. Кездесуде қала басшысы алдағы атқарылатын жұмыстардың негізгі үш бағытына тоқталды. Біріншіден, аулаларды заманға сай талаптарға сәйкестендіру. Әр аулада кешенді балалар ойын алаңдары орнатылады. 2022 жылы осындай 30 алаңды жаңарту жоспарланып отыр. Екіншіден, «Жартас» карьерінен жасыл желектерді суаруға қажет су тартылып, ауызсуды ағаш суаруға пайдалану азайтылады. Үшіншіден, «Казгипроград» жобалау институты қаламыздың дамуының Бас жоспарына түзетулер енгізді. Енді қаламыз, яғни жаңадан бой көтеретін «Байқоныс» ықшам ауданы Жезқазған қаласының Кеңгір елді мекеніне қарай кеңейеді.

Асқар Абылайұлы қаламызда Ұлытау көшесінің бойында бой көтеретін тарихи саябаққа ат беру жөнінде ақсақалдармен ақылдасты. Ел ағалары ол тарихи саябаққа «Ұлы Дала» атауын беру керек деген тұжырымға келді.

Кездесу барысында басқосуды жүргізіп отырған ақсақалдар алқасының төрағасы Өтеш Ахметов жиналғандарды қала хал-ақуалының дамуына байланысты пікірлерін айтуды өтінді. «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Ардагерлер кеңесі Сәтбаев филиалының төрағасы Әбулайс Мулахов «Жеңіс» саябағындағы жұмыстар жайында айта келе, қазіргі басты мәселе – біздің табиғатымызға бейімді, қалыпты өсетін жасыл желектер отырғызып, оның басы-қасында болатын білікті мамандар қажет екенін айтты. Сонымен бірге, Ә.Мулахов Жезқазған өңірінің, біздің қаламыздың өркендеуіне зор үлес қосқан Кәкімбек Салықов, Қанат Балмағамбетов секілді азаматтардың есімдерін қаламыздағы көшелерге беру жөнінде сөз қозғады. Қала басшысының айтуы бойынша, қаланың беделді азаматтары қол қойған ондай өтініштер жоғарғы жаққа жіберілген. Ол азаматтар мемлекеттік тізімге кіргізілсе, шешім шығару республикалық ономастикалық комиссияның құзырында. Ә.Мулахов жақында бақилық болған Руслан Юнның да кеншілер қаласына сіңірген еңбегін айта отыра, ол азаматтың да есімі ескерусіз қалмау керек деді. Кезінде қала басшылығының қатарында болған, одан тау -кен жабдықтары зауытында басшылық жасаған Қозы-Көрпеш Байтоқов әр адамның тапсырылған жұмысқа деген көзқарасы жайлы айта келе, «істеліп жатқан жұмыстарға бақылау күшті болу керек, әр жүмысты соның өз маманы істеу керек, сол жұмыстың сапасын да қатты қадағалау қажет» деді. Ел ағасы қазіргі кезде жастар тәрбиесіне де өте қатты мән беріп, адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынастар жайында ой қозғады.

Бәрімізге аян, жақын арада Қарағандыда өткен облыстық өнер фестивалінде Сәтбаев қаласының «Ақ әжелер» ансамблі Бас жүлдені иеленіп қайтты. Соған орай, қала әкімі Асқар Абылайұлы ансамбль мүшелерін марапаттап, естелік сыйлықтар тапсырды. Қарттар күніне орай өткізілген шараларда қаламыздың жас өнерпаздары ардагерлер алдында өз өнерлерін көрсетті. Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында еңбек ететін, консерваторияда тәлім алған музыка саласының мамандары қазақтың ұлттық аспаптары – жетіген, шаңқобыз, сазсырнай, сыбызғыда тамылжыта қазақ ән-күйлерін орындады.

Мәди ӘЛЖАППАРОВ.