Бақыт ордасы бой көтерді

Жас жұбайлардың өмірлеріндегі ең бір қымбат, асыл сәттердің бірі – неке қию рәсімі. Жаңа өмірге қадам басқан жастардың осындай маңызды сәті енді жақында ашылған Неке сарайында өтетін болады. Осылайша Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында кеншілер қаласы тағы бір әсем әрі зәулім ғимаратпен толықты.

Азаматтық хал актілерін тіркеу органдары адам өміріндегі ең маңызды жағдайларды заңдастырып, рәсімдейді. Олар әр адамның тууынан бастап, некеге тұру, сот шешіміне сәйкес некені бұзу, балалардың дүниеге келуі, атын, әкесінің атын және тегін ауыстыру, қайтыс болу секілді мәселелерді акт жазбасымен растайтын құқықтық сипатқа ие құжаттарды тіркейді. Бір ғана биылғы жылдың өзінде Сәтбаев қаласының АХАТ бөлімі 5000-нан аса құжат рәсімдеген. Олардың ішінде, 1300 – қаламыздың жаңа тұрғындарының дүниеге келуі болса, 420-сы – неке қию актілері.

АХАТ бөлімінің атқаратын қызметінің маңыздылығы жайында неке сарайының ашылу салтанатында сөз алған қала әкімі Асқар Ыдырысов та тілге тиек етті.

– Бүгін біздің қала үшін тарихи сәт. Тұңғыш рет қаланың орталығынан келісті де келбетті Неке сарайы ашылды. Сәтбаевтықтарға дәл осындай сарайдың қажеттігі көптен бері белгілі. Бұған дейін АХАТ бөлімі кішігірім тар мекемеде орналасқан болатын. Неке отбасының, ал отбасы қоғамның негізі екенін ескерсек, қала орталығында сәулетті неке сарайының болуы өркениетке ілескен өңір үшін өте маңызды. Бұл ғимарат ең алдымен адам өмірінің үлкен белесі – отбасын құру рәсімінің ерекше қуаныш екенін айшықтау, ұмытылмастай есте қалдыру үшін қызмет ететін болады. Қол ұстасқан екі жастың отбасылық өмірге қадам жасау сәтінің әсем сарайда өтуі, олардың өмірлеріндегі ең жарқын мезеттерімен есте қалары анық. Жаңа сарайда некеге отыратын жастар көбейіп, берекесі мықты отбасылардың қатарын толықтырады деген сенімдемін, – деді Асқар Абылайұлы.

Одан әрі сөз кезегі отау көтерер жастарға осындай Неке сарайын сыйлаған жеке кәсіпкер, қала тұрғыны Мұқағали Өмірзақовқа берілді. Қаланың қақ ортасынан салтанат сарайымен қоса мейрамхана тұрғызған кәсіпкер әкімдікке қолдау білдіргендері үшін алғысын айтып, барша қауымды қуанышты күнмен құттықтады.

Неке сарайының лентасы кесілген соң, қонақтар судай жаңа ғимараттың ішіне кірді. Заманауи архитектуралық талаптарға сай салынған кең сарайда неке қиятын зал, салтанатты жиын өткізіп, дастархан жаюға арналған зал, қалыңдық пен күйеудің күту бөлмелері, азаматтардың өтініштерін қабылдау орны, жалпы АХАТ қызметкерлері үшін барлық керек-жарақпен жабдықталған жұмыс кеңселері орналасқан.

Бұл күні жиналған жұртшылық әсем ғимараттың ашылу салтанатын тамашалаумен қатар, өмір баспалдағын қол ұстасып енді аттап жатқан жастардың үйлену тойының де куәсі болды. Некелерін қиюға келген жас жұбайлар – Досбол Сауранбай мен Әйгерім Жақсылықова өмірлеріндегі ең керемет сәттің бүгінгі мерекелік шараға тап келгеніне бақытты. Жастар некеге тұру тілектерін қол қойып, заңды түрде бекіткен соң, оларға өмірлеріндегі ең алғашқы отбасылық құжат – неке қию туралы мемлекеттік куәлікті Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, АХАТ органдарының еңбек сіңірген қызметкеріРаушан Кантеева ақ тілегін жеткізіп, табыстады.

Қуанышты жиынға арнайы келген отасқандарына 50 жыл болған бақытты отбасы, Алтын той иелері Рахымжан ата мен Қадиша апай жас жұбайларға баталарын беріп, бірлік пен ынтымақтың, түсіністік пен сыйластықтың арқасында ғана үлгілі жұп бола алатындықтарын айтты. Сонымен қатар, өздерінің жылы лебіздерін Асқар Ыдырысов пен екі жақтың ата-аналары да жеткізді.

Алдағы уақытта жаңа ғимарат шаңырақ көтерген жас жұбайлардың бас қосу салтанатына ғана емес, алтын және күміс мерейтойларды өткізетін бақыт ордасы болары сөзсіз.

Марал ШАХАЕВА.

Суретті түсірген автор