Кенді өлкенің келбеті болған Жездінің 80 жылдығына орай атқарылатын іс шаралардың реті таныстырылды

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезді марганец кенішінің игерілгеніне 80 жыл толуына орай құрылған ынталы топтың өкілдері Қ.Үтеновпен, М.Мырзабековпен, Б.Шаяхметовпен кездесті. Кенді өлкенің келбеті болған Жездінің 80 жылдығына орай атқарылатын іс шаралардың реті таныстырылды. 16-17 қыркүйекте Жезді кентінің «Той төбе» алаңында Ұлттық спорт түрлерінен жарыс, мүшайра, мерекелік концерт ұйымдастырылады.
Кездесу барысында аурухана, денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылыстарының барысы, спорттық нысандар құрылысының барысы, тоқ мәселесінің шешілу жолдары туралы айтылды. Бір кездері айтулы өндіріс ошағы болған Жезді кентінің қазіргі келбеті жүдеу, әсіресе иесіз қаңырап қалған көпқабатты үйлер жайлы жағымсыз пікірлер жиі айтылады. Облыс әкімі осы үйлер бойынша кент әкімдігі, жергілікті қауымдастық, үйлердің тұрғыны болып есептелетін тұлғалар өзара келісімге келіп, оның орнына кенттің көркін ашатын демалыс саябақтары, немесе жастарға, балаларға арналған спорттық алаңдардың жобасын жасауға болатындығын айтты. ❇️Жергілікті қауымдастық кенттің келбетін ашатын, тұрғындарға қолайлы болатын ортаны қалыптастыруға тікелей себепкер бола алады, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында оны іске асыру әбден мүмкін.
✅Кездесуге қатысушыларға алдағы мерейтойды лайықты атап өтіп, осы іс шаралар аясында кенттің дамуына қатысты жобаларды қарастыру қажеттігі тапсырылды.